Перейти к содержимому страницы.

1 ҚЫРКҮЙЕК - ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАСТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ

31.08.2020

Қымбатты студенттер, құрметті ұстаздар қауымы!

Сіздерді  Білім күнімен,  жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! 1 қыркүйек – барша ТМД елдеріне ортақ дәстүрлі мереке. Бұл күн еліміздің барша жұртшылығының басын біріктіреді: алғашқы қоңырау үніне асыққан оқушылар, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан колледж, жоғары оқу орнының студенттері, ұстаздар қауымы мен ата-аналар айтулы күнді асыға да жауапкершілікпен күтеді. Білім күні тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің келешегі тәуелді жауапты кезең бастамасы.

Адам өміріндегі сарқылмас байлық – ол білім. Адам баласы барлық арман-мақсаттарына тек білім көзі арқылы ғана жете алады. Сол білімді беретін, білімді ұрпақ тәрбиелейтін, ертеңгі елдің қабырғасын түзеп, болашағын бағдарлайтын ұстаздар қауымы екенін естен шығармаған жөн. Мемлекет жағдайы, ел экономикасы қиын кезеңге тіреліп отыр. Биылғы карантиндік ахуалға байланысты, ұстаздар мен оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында жаңа оқу жылы қашықтан оқыту жүйесімен басталғалы тұр. Бұл шешім көпке оңай болмаса да, індет жайлаған ел жағдайында қашықтан оқыту мәжбүрлік тудырып отыр.  Сондықтан бұл байламға сабырлықпен, түсіністікпен қараған жөн деп санаймыз.  

Күнделікті оқу процесі аса маңызды  салалардың бірі болып табылады және оған салғырт қарамаған жөн. Жаңа оқу жылының бастамасымен білім саласында болып жатқан өзгерістерге, жаңа үрдіске байланысты  Сіздердің  қатысуларыңыз  ерекше маңыздылыққа ие болып тұр. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде қадағалауларыңыз, баса назарларыңыз маңызды мәселе.

Білім арзан, білу қымбат. Қандай да маман болмасын, іске деген жауапкершілігін, біліктілігі мен білімін осы университет қабырғасында жетілдіріп, меңгеріп шығады. Бұл ретте үмітіміздің үлкені – ұстаз мойнындағы міндетте. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қажырлы, өлшеусіз еңбектеріңіз әр кез жемісті бола берсін. Шығармашылық игі бастамаларыңызға, педагогикалық ізденістеріңізге жаңа серпін,  толағай  табыстар тілейміз!

Болашақ шебер мамандардың ордасы, ұстаздар ұстаханасы – Павлодар педагогикалық университетіне қош келдіңдер, болашақ педагогтер! Білім күні құтты болсын!

                                                                                Қасымхан МҰХИТОВ, Баспасөз қызметінің басшысы

     

 

">