Перейти к содержимому страницы.

ЖАСТАР ЖЫЛЫНА ЖАҢА СЕРПІНМЕН

04.02.2019

ПМПУ Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры  Мақсат Нығманов белсенді жастармен кездесіп, жоспарларымен танысты, ұсыныстарын тыңдап, сан түрлі түйткілдердің шешімін айтты.

Бұл биылғы жылдың алғашқы басқосуы. Проректор өткен жылды қорытындылаумен қатар, биылғы жылдың бағыты мен межесін айқындады. Университет қабырғасындағы 9 ұйымның атқарған істеріне талдау жасап, жобаларының маңыздылығын атап өтті. Жиын форматы – ашық микрофон. Тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Мадина Ахметжанқызының қамқоршылығында жүрген белсенді студенттердің бұл кездесуді көптен күткені көрініп қалды. Жарыса сөйлеген жастардың жаңа жылға жаңа серпінмен кіріскені байқалады. Әр ұйым өзінің жұмысымен таныстырып, кезіккен қиыншылықтарын да жасырмады.

- Біз былтырғы жылы көптеген қызықты іс-шара өткіздік. Ұстаздар да, студенттер де бұл еңбегімізді жоғары бағалап, мерекелік бағдарламалардың, сайыстардың саны артады деп үміттеніп отыр. Алайда жеңімпаздарды марапаттайтын сыйлықтар қоры азайып қалды, біздің өтінішіміз – осы қор уақытылы толығып отырса екен. Екінші мәселе, осы іс-шараларды ұйымдастыруға өзіміз, студенттер қауымы, ақша жиналамыз. Орташа есеппен алғанда, біреуіне 20 мың теңге кетеді. Осы орайда университет жағынан қаржылай қолдау болса екен, - деді «Серпін іскерлері» ұйымының жетекшісі Асылхан Рахым.

Проректор өз алдына бұл мәселелердің бәрін шешуге болатынын және басқа да ұсыныстарды құптайтынын білдірді. Бұдан бөлек мемлекеттің Жастар жылына орай қабылдаған игі бастамалары мен бағдарламаларының мәнін түсіндіріп, жұмыстың 11 бағытын  айшықтады. Студенттердің делебесін қоздырып, құлақтарына ең қатты жаққандары – белсенділерге төленетін 75 мың теңге.

Асылжан ЖЕҢІС, видеостудия директоры 

">