Перейти к содержимому страницы.

ЖАС ПЕДАГОГ-ҒАЛЫМДАРДЫҢ II РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЛЕТІ ӨТТІ

30.04.2019

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ағымдағы жылдың 24-25 сәуірінде Қазақстан жас педагог-ғалымдар Қауымдастығының II Республикалық слеті өткізілді. Былтырғы жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен құрылған ассоциацияның бұл жолғы жиынына Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов, жоғары оқу орындарының ректорлары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас педагог-ғалымдар қатысты. Талғат Ілиясұлы және М.Әуезов ат. ОҚМУ ректоры Қожамжарова Дария Пернешқызы өздерінің құттықтау сөздерінде биылғы жастар жылы білім және ғылым жолында ізденісте жүрген жастар үшін мол мүмкіндіктер мен серпілістерге жол ашатынын айта келіп, жас ғалымдарды қолдау бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталды.

Қауымдастық отырысы екі күнге созылды: мұнда қатысушылар «4К» форматында білім беру саласындағы көкейтесті мәселелер төңірегінде пікір таластырып, тәжірибе алмасты және бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аталмыш шараға Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің атынан гуманитарлық ғылымдар магистрі, университетіміздің Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Асанбаева Елдана Бақытқызы белсене қатысты. Өзінің сөзінде Елдана Бақытқызы университетімізде жас ғалымдардың бастамаларын қолдау, олардың ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды және болашақта Қауымдастықтың жұмысын күшейту бойынша бірнеше ұсыныстарын білдірді.

Жиын соңында Қазақстан жас педагог-ғалымдар қауымдастығының жаңа мүшелеріне куәлік беріліп, қатысушыларға сертификат табысталды. Одан бөлек Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті ректорының және жалпы Ассоциацияның атынан бір жыл ішінде Қауымдастықтың жұмысына белсене араласып, жас ғалымдарға үлкен қолдау көрсеткен ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлына және басқа да бірнеше ЖОО ректорларының атына арнайы алғыс хаттар табыс етілді. Іс-шараға белсене араласқан Қызылорда қаласының «Болашақ» университетінің ректоры Дәуренбеков Қуаныш Қойшығұлұлы Ассоциацияның келесі жылғы III слетін өздерінің оқу орнында өткізуге ниет білдіріп, еліміздегі барша ЖОО басшыларын жас ғалымдарды қолдауға шақырды.

ЕЛДАНА АСАНБАЕВА

Гуманитарлық факультет

">