Перейти к содержимому страницы.

ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛДЫ

13.12.2018

Ағымдағы жылдың 12 желтоқсанында Гуманитарлық факультетте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік кеш болып өтті. «Тәуелсіздік – тұғырым» атты іс-шараны тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ұйымдастырды.

Қастерлі мерекеге арналған кеш шымылдығын ШТА-15 тобының студенті Сәния Абдуллина «Балбырауын» күйімен ашып, МТ-21 тобының студенті Маржан Тоғайбай екінші әнұранға айналған «Атамекен» әнін орындады. ТД-11 тобының студенті Айнұр Әлиақпар С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңін мәнерлеп оқыса, ҚТОӘ-41 тобының студенті Әлімжан Шалқар «Желтоқсан желі» әнін орындап, көрермендер рухын көтерді. Ал ИШ-22 тобының студенттері «Путь Независимости» атауымен түсірген танымдық фильмін ұсынды. Сондай-ақ кеш көрермендері егемендік тақырыбына байланысты викториналық сауалдарға жауап беріп, караокемен патриоттық әнді бірге шырқады. 

Айтулы мерекемен факультеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттерін Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Анар Каримова құттықтап, баға жетпес құндылығымыз – «тәуелсіздік» ұғымының терең мән-маңызын айтты.  

Кеш барысында Гуманитарлық факультеттің деканы Қуаныш Ерғалиев бірінші семестрдің қорытындысы бойынша үздік оқу үлгерімі, ғылыми ізденіс жолындағы жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысушы студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады. Факультет бойынша барлығы 27 студент алғыс хатқа ие болды.

Іс-шарадан факультет студенттері тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, елдің жарқын болашағын қалыптастыруға атсалысу жолында аянбай еңбек ету парызын түйсіне түсті дей аламыз.  

Жақсыбек НҰРБАЕВ, Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушы

">