Перейти к содержимому страницы.

ШЕШУШІ КЕЗЕҢ

23.04.2019

«Nur Otan» партиясы  23 сәуір күні кезектен тыс XIX съезінде өз кандидатын ұсынды. ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы саяси маңызы зор жиынға арнайы шақырумен қатысып қайтты.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының XIX кезектен тыс съезі өтті. Бұл жолғы съез ел тарихындағы шешуші кезеңге тұспа тұс келіп отырғандықтан, мәні де, маңызы да жоғары. Өздеріңіз куә болғандай, 19 ақпан күні Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз еркімен президенттік өкілеттілігін тоқтатты. Конституцияға сәйкес, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттік лауазымға тағайындалды. Ал 9 сәуір күні Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс президент сайлауын жан-жақты талқылап, мақұлдаса келе 9 маусым күні өтетіндігін Қазақстан халқына арнаған арнайы үндеу арқылы атап өтті.

Үндеу өте салысымен бүкіл ел саяси науқанға дайындықты бастап кеткендей. Еліміздің басты саяси ұйымы «Nur Otan» партиясы да  23 сәуір күнгі кезектен тыс XIX съезінде өз кандидатын ұсынды. Жиында сөз алған Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап партияның атқарған көптеген жұмыстарға тоқтала келе: «Ең алдымен, алдағы Президент сайлауы халқымызды биік мақсаттарға жұмылдыруға тиіс деп санаймын. Еліміз үшін тұрақтылық пен татулықтан артық еш нәрсе жоқ. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін. Міне, ең бастысы осы», - деді.

Сындарлы жылдарда қажымай еңбек еткен, тәуелсіздік жылдарынан бері саяси қызметте ысылып, дипломатиялық қырымен ерекше танылып, халықаралық саясатта зор беделге жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты «Nur Otan» партиясы атынан алдағы президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынды. Елбасының өзі де: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі БҰҰ деңгейінде жоғары бағаланғанын білесіздер. Осы жаһандық құрылымда ол Бас хатшының орынбасары ретінде қызмет етті.  Дипломатиялық жетістіктерімен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинады. Ол ел дамуының ең күрделі кезеңінде Қазақстан Үкіметін басқарды. Естеріңізде болса, 1998 жылы  Азиядағы қаржы дағдарысынан кейін экономиканы қалпына келтіруге атсалысты», - деп Қасым-Жомарт Кемелұлының еңбегін жоғары бағалайтындығын ерекше атап көрсетті.

Президент сайлауы елдің ішкі және сыртқы саясатындағы ең үлкен саяси науқан екендігі даусыз. Сол себепті алдағы үлкен саяси шарада еліміз ауызбіршілік танытып, бейбіт әрі заманауи сайлау өткізіп, өз таңдауын жасауы тиіс. Мәңгілік ел болуға қадам басқан Қазақстан Республикасы қандай да қиындықты еңсеріп, жарқын да, кемел болашақтың жолына түсері сөзсіз. Бұл жолғы сайлау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Алайда бүгінгі съезде партия төрағасы ретінде өзі сенім білдіретін саяси тұлғаны атап көрсетті.

ПМПУ ұжымы да алдағы саяси науқан еліміздің дамуындағы жаңа бетбұрыстың алды болады деген сенімде. 

Жанасыл СЕРІКБОЛ

">