Перейти к содержимому страницы.

ПМПУ ұжымы Сәкен Майғазиев және «МuzArt Life» тобымен кездесу өткізді

04.10.2018

Елімізге белгілі әнші, «МұзАрт» тобының солисті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сәкен Майғазиев ұстаздар мерекесі қарсаңында ПМПУ ұжымымен кездесу өткізді. «Мұзарт» ансамблінің арнайы жобасы арқылы құрылған  «MuzArt Life» тобының өнерін де осы кездесу барысында тамашалады. Кездесу кешін ПМПУ-дың жастар саясаты департаментінің студенттік филармониясы ұйымдастырды.

Жақсы әнімен ғана емес, елге айтар өнегелі сөзімен де таныла білген әншіні салтанатпен қарсы алып, төрге оздырған ПМПУ ұстаздары мен студенттері әсерлі әңгімеге құлақ қойды. Әнші әуелі білім ордасын келе жатқан ұстаздар күнімен құттықтады.

     Шын жүректен қуанышты екендігімізді білдіргіміз келеді. Құрақ ұшып, құшақ жайып қарсы алып, ниеттеріңізге, көлдей көңілдеріңізге  рахмет. Ыстық ықыластарыңыздан, даладай дархан пейілдеріңізден айналдық. Ертіс-Баян тарихи дастан мекені, қазаққа аты мәшһүр Мәшһүр Жүсіп атамыз шыққан жер. Барлық жақсылықтарды тілейміз. Біріншіден, алда келе жатқан ұстаздар мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Кездесу ашық әңгіме түрінде өтті. Балалық шақтан, балауса мезгілден басталған әңгіме жастардың қандай болмағы жөнінде, ұлтыңды, мемлекетіңді, дәстүр-салтты құрметтеу төңірегіне ойысты. Еліміздің қуатты болуы үшін халықтың, жастардың берік бірлігі керек деп атап өтті.   

Сондай-ақ, бүгінгі уақыттың, заманның күн сайын өзгеріп жатқан кезінде ұлтымыздың болмысын, халқымыздың құндылықтарын сақтап қалу мәселелері үлкен күреспен жүріп жатқандығына да тоқталды. Бұл тұрғыда жарық көріп, талқыға түскеніне көп бола қоймаған «Рухани жаңғыру» мақаласының маңызы жоғары екендігіне тоқталды.

          Ұлттық код дейміз. «Болашаққа бағдар» деп жатыр Елбасымыз. Сол жобалардың барлығына қарасақ, үлкен мән-мағына жатыр. Ең басты мәселе – тілімізді ұмытпай, ұлттық мұраны, тарихты сақтай отырып, бірлігі бекем елге айналу.

Өнер адамымен кездесу – өнер туралы әңгімесіз өтпейтіні анық. Қазақ эстрадасында өз жолын қалыптастырған «МұзАрт» ансамблі бүгінде үлкен жобаларды қолға алған. Солардың бірі – «MuzArt Life». Бұл топтың құрылудағы негізгі мақсатына тоқталған әнші аты аңызға айналған «Мұзарт» тобының ізін жалғайтын, әндік репертуарларын әрмен қарай жалғастыратын кәсіби эстрадалық топты өнер көшіне қосу мақсатынан туғандығын атап өтті.

Кеш барысында жиналғандар бұл жас жігіттерден құралған топтың өнеріне де қол соқты.

Кездесу барысында ПМПУ ұжымы өнер иесіне құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сондай-ақ оқу жөніндегі проректор Қайрат Мұхамедхафизұлы ректор атынан биыл мерейтойына 200 жыл толып отырған Мұса Шорманұлының төсбелгісін әншінің кеудесіне тақты. Студенттер салған әсем картина да сыйлыққа қоса тарту етілді.

Өнерлісін құрметтеп, өнеге көрсеткен Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарына әншінің өзі де үлкен ықыласын білдірді.

 

">