Перейти к содержимому страницы.

"ПЕДАГОГ МƏРТЕБЕСІ" ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАҒА ҰСЫНЫСТАР ƏЗІРЛЕДІ

05.11.2018

Ағымдағы жылдың 2 қарашасында Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде республикалық жас педагог-ғалымдар Ассоциациясының жиналысы өтті. Кезектен тыс өткізілген аталмыш кездесудің мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ə.Назарбаевтың халыққа жолдауында атап өткен "Педагог мəртебесі туралы" заңнама концепциясына ұсыныстар əзірлеу. Аталған шараға Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің атынан Ассоциация мүшесі болып табылатын жас ғалым Асанбаева Елдана Бақытқызы қатысты. 

Жиналыс бейресми форматта өткізілді. Мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орындары мен колледждердің жас ғалымдары бірнеше секцияға бөлініп, еліміздің білім беру саласындағы негізгі мəселелерді талқылады, олар: балабақша, мектеп, колледж жəне жоғары оқу орындары. Анықталған мəселелерге негізделе отырып, Ассоциация мүшелері мұғалімдердің мəртебесін арттырудың тиімді жолдарын ұсынуға тырысты.
Кеш соңында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің əкімшілігі барлық қатысушыларға жəне оларды жіберген жоғары оқу орындарының ректорларына алғыс білдіріп, қауымдастық бастамасының табысты болуын тіледі.

Ассоциация мүшелері заңнама концепциясына арнап əзірлеген барлық ұсыныстарды жинақтап, Білім жəне ғылым министрлігіне қауымдастық атынан ресми хат түрінде жолдады.

Елдана АСАНБАЕВА, Гуманитарлық факультет

 

 

">