Перейти к содержимому страницы.

МҰСА МЫРЗАНЫҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

18.09.2018

Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, ағартушы, этнограф, фольклорист, мемлекет және қоғам қайраткері Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойы Баянауыл ауданының Теңдік ауылында ұлан-асыр тойға ұласып, республикалық деңгейде аталып өтілді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандардың қатарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Сатыбалдыұлы Хазірет Серікбай қажы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары: Азат Перуашев, Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсенбинов; меценат Ғаббас Бектұров, Қазақстанның Еңбек Ері Ришат Әміренов, Қазақстан Республикасының Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин, ҚР ҰҒА академиктері: Зайролла Дюсенбеков, Арыстан Ғазалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Әбілов және өзге де елге белгілі тұлғалар дүбірлі шараның қонағы болды.

Мереке күні жаңадан салынған Теңдік ауылдық мәдениет үйінің салтанатты ашылуы болды. Екі қабаттан тұратын бұл ғимараттың үстіңгі қабатында «Туған жердің тарихи тұлғалары» атты айдармен Бұхар жырау, Шорман би, Үкібай би, Мұса Шорманұлы, Сәдуақас Шорманов, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышев, осы елге жиен Шоқан Уәлиханов пен келін Майра Шамсутдиноваларға арналған тарихи-танымдық музей орналасқан.  Әрине, осы екі текті ұрпақтардың бабалары Мырзағұл және Жәдігер батырлар мен Зейнеп Шорманқызының портреттері де өз орнын тапқан. Атақты архитектор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан мемлекеті елтаңбасының авторы Шота Уәлиханов ағамыздың жылы лебіздері мен кітаптары да қойылған. Жалпы Теңдік ауылынан шыққан белгілі тұлғаларда «Ел тарихы беттерінен» деген айдармен тізім бойынша берілгені өз алдына бір үлкен іс. Шараға қатысушылар музейге қойылған мол деректерге қанығып, бірінші қабаттағы кең де әсем етіп салынған конференция залында Мұса Шорманұлына арнап жасаған «Еуразиялық деңгейдегі тұлға атты» тарихи- танымдық фильмді тамашалады.  

Ертіс-Баян жұртшылығы Мұса Шорманұлына арнап тұрғызылған кесененің ашылу салтанатына жиналды. Бұл кесене жергілікті демеушіілер мен «Атымтай Жомарттардың» ат салысуымен бой көтерген. Биіктігі 9 метр, жалпы аумағы 500 шаршы метрлік кесене Теңдік ауылынан 1 шақырым жердегі Шорман әулетінің қорымы маңынан бой көтерді. 

Бұдан бөлек, дәл осы жерде жерленген өзге де Шорман әулетінің мүшелері анықталып, белгітас қойылды. Кесененің салтанатты ашылуында ҚМДБ бас мүфтиі Серікбай қажы, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев, ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы және Мұса Шорманұлының ұрпағы, экономика ғылымдарының докторы Ғалымжан Дүйсенов сөз сөйледі.

Қазақ баласын құшағына сыйдыра біліп, ешқайсын алаламастан озық ойлы, жетік білімді болсын деген ұлы баба артына үлкен мұра қалдырды. Демек, халқын, елін, салтын, дәстүрін тарихы мен мәдениетін терең жетік білген бабамыз осы елдің игілігі үшін ұлтты ұйыстырды, ұлысты біріктіріп, ортадан арбаның да сынбайтын, өгізді де өлтірмейтін жол тапты. Халықтың, елдің болашағы үшін жасады. Өз заманасының заңғар тұлғасы болды, - деді ҚМДБ бас мүфтиі Серікбай қажы.

Ал, Мұса Шорманұлының ұрпағы, экономика ғылымдарының докторы  Ғалымжан Дүйсенов:

Аталары Мырзағұл батыр мен Сәти батырлар қазақ даласын Жоңғар шапқыншылыған азат етуде қайсарлық танытқан тұлғалар еді. Осындай ұлт мұратын жоғары қойған марғасқалардан туған ұрпақ жалғасқан Мұса бабамыздың қасиеттері ұшан теңіз. Асыл қасиеттері халық, ел жадында. Мұса Шорманұлы кесенесінің ашылуы біздің ұрпақ үшін өте үлкен өнеге. Осы орайда Мұса мырза бабамыздың атын тарихымызда ойып тұрып орын қалдыру мақсатында жасалып жатқан шараларға мұрындық болған Павлодар облысының басшылығына, Болат Жұмабекұлы Бақауовқа, Баянауыл ауданының әкімдігіне, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ректоры, «Ертіс-Баян тарихи тұлғалары» қоғамдық қоры кеңесінің төрағасы Алтынбек Нухұлына, күллі жанашыр ағайын-жерлестерге алғыс білдіреміз. Осында бір топ Мұса мырза Шорманұлының ұрпақтары келіп отыр. Сол кісілер баба рухына табынып, осындай кесене ашылып жатқанына қуанышты, ризашылығын білдіреді, - деп жасалып жатқан іс-шаралар үшін өзінің ерекше алғысын білдірді.

Той әрмен қарай 60-тан аса киіз үй тігілген этноауылдағы концертке ұласты. Жұртшылық бұдан бөлек әр түрлі киіз үйлерден дәм татып, жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Ертіс-Баян өңірінің өнерпаздары Баянауыл аспанын әнге бөледі. Қанаттаса ұшқан бес ұшақ ауыл үстінен шашу шашып, халықтың көңілін бір сергітті. Он үш пен он бес жас аралығындағы балалар асық ату сайысына түсті.

Этноауылда бұдан да өзге жиналған 5 мыңнан астам халықты думанға бөлеген сайыстар көп болды. Солардың ішінде балуандар арасындағы бұқа көтеру сайысын ерекше атап өтуге болады. Салмағы 200 келі тартатын бұқаны көтермекке жұтынып, ортаға 12 балуан шыққан. Бірақ, бабы келіскен білектілердің ішінен тек Теңдік ауылының азаматы Әсет Бөкеновтың ғана бұлқынған асау бұқаны орнынан жұлқа көтеруге қайраты жетті.   

Ал, бұл уақытта этноауылдың дәл ортасында қазақ күресінен балуандар бәсекесі қатар өтіп жатты.

Шараның көркін қыздырып, жұртшылықтың аруағын шақыртқан сәйгүліктер бәйгесі тіптен қызу болды. Тоқ бәйге, жорға жарысы, аламан бәйге бойынша бабы мен бағын сайысқа салған дүлдүлдер Теңдік даласын дүбірлетті.

Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойында жазба ақындар арасында мүшайра ұйымдастырылған болатын. Мүшәйра жарияланған күннен бастап еліміздің әр өңіріндегі қалам ұстаған ақындар қауымы өз өлеңдерін бәйгеге қосты. Мүшайра талабы жазылған өлеңнің көркемдігі мен поэзиялық талаптарға сай болуы, тақырып Мұса Шорманұлының болмысы мен тарихи бейнесіне арналуы керек болды. Ұйымдастырушылар үш өлеңге бәйге тікті. Әділқазылардың шешімімен еліміздің әр өңірінен келген ақындардың өлеңдерінің ішінде екібастұздық Жанаргүл Қадыроваға 3-орын берілді. Белгілі ақын Қуаныш Шармановтың өлеңі 2-орынға лайық деп танылды. Ал, қарағандылық ақын Айзада Құрманованың өлеңі бірінші орынды иеленді.

Ал, үлкен дүбірлі доданың қорытындысы ретінде күні бойы күреске түскен балуандар мен бәйгеге түскен сәйгүліктер арасындағы жеңімпаздар жұртшылық алдында зор құрметпен марапатталды. Жұмат Шанин ауылының палуаны Арман Әкімбеков қазақ күресінен 66  кг салмақ дәрежесі бойынша 23 жастағы балуандар арасындағы сайыстың жеңімпазы болды. Сәтбаев ауылының палуандары Мұстафа Шүкірхан мен Мәди Дүйсетай екінші-үшінші орындарды бөлісті. Ал, 90 келіге дейінгі палуандар арасында Теңдік ауылының палуаны Мұхтар Дәлелханұлы иеленді. Екінші орынды шарбақтылық палуан Темірғалы Құдайбергенов болса, үшінші орын жүлдегері ақтоғайлық палуан Еламан Ерғантай атанды.  

Тоғыз шақырымдық жорға жарысы бойынша петропавлдық шабандоз Алена Дакучаеваның «Реванш» сәйгүлігі мәре сызығын бірінші болып кесті. 15 шақырымдық «Тоқ бәйгеде»  Теңдік ауылының атбегісі Мұсаның «Мудрый Сократ» тұлпары  алдына қара салған жоқ. Ал аламан бәйгеде Павлодар қаласының атбегісі Бақтияр Байзақовтың «Сенім» тұлпарының бағы мен бабы қатар шауып, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері Ғаббас Бектұров тағайындаған «Лада гранта» автокөлігіне иелік етті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығы қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталып, халықтың қошеметіне бөленді. Осылайша, қысылғанда халқының панасы болған ел ағасы, ағартушы, этнограф, қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойы Теңдік төрінде дүркіреп өтті. Павлодар облысы әкімдігі мен Баянауыл ауданы жұртшылығы және «Ертіс-Баян тарихи тұлғалары қоғамдық қоры» қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ректор Алтынбек Нухұлы  бастаған ПМПУ ұжымы бұл мерейтойдың жоғарғы деңгейде өтуіне айрықша ат салысты. Республика деңгейіндегі бұл шара ұрпаққа үлгі болар ақтаңдақтарымызды жаңғыртып, болашаққа бағдарымыздың айқындалуына себеп болары сөзсіз.

 

 

">