Перейти к содержимому страницы.

БАТЫРХАН ШҮКЕНОВТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

11.02.2019

«Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші, сазгер Батырхан Шүкенов шығармашылығына арналған «Отан – Ана» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, онда Батырхан Шүкеновтың орындауы арқылы елге танылған әндер шырқалды. Ән кешіне Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің "ВИА" ансамбілі қатысты. Оқу ордамыздың ансамбілі Серік Рысбек, Руслан Жұмабаев, Мадияр Бахтыбаев сияқты әншілердің орындауындағы «Қайран көңіл-ай» әнін сүйемелдеді.

 Бұл ән Батырхан Шүкенов орындауында танымал болған әйгілі әндердің бірі. Батырхан Шүкенов ғасыр аяғы мен жаңа дәуірдің адамзат табалдырығын аттаған уақытында ән әлеміне келіп, Қазақстан эстрадасында айрықша еңбек етті. Ол әйгілі ақын, композитор Естайдың «Құсни-Қорлан» әнін эстрадалық нұсқада сәтті орындаған әншілердің бірі. Бұл концертте әйгілі махаббат әнін Бауыржан Ахметов тағы бір рет шырқап, тыңдарман қауымның сезім қылын тербеді.  Бұдан бөлек, «Грешная страсть», «Гавань моей любви», «Нелюбимая» сияқты өзге де әндер павлодарлық әншілердің орындауында тыңдармандарға ұсынылды.

Ал ең әйгілі «Отан – Ана» әнін   республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Айдын Әбдіюсупов орындады. Бұл әнді жазған әйгілі композитор Қуат Шілдебаев болса, сөзін қазақ әдебиетінің классигі, ақын Тұманбай Молдағалиев жазған. Өзіндік бояуы бар қоңыр дауысты, лирик әншісі Батырхан Шүкенов халықтың жүрегінде мәңгі қалары сөзсіз.

Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұйытқы болуымен өтіп отырған концерт «Жастар жылы» аясындағы мәдени шаралардың бастауы дейді ұйымдастырушылар. Бұл шара әрі әйгілі «Джулия» әнінің жарыққа шыққанына 30 жыл толуына да орайласып отыр. Концертте Батырхан Шүкеновтың орындауында танымал болған 17 ән орындалды.

Жанасыл СЕРІКБОЛ, ПМПУ Баспасөз қызметі 

     

">