Перейти к содержимому страницы.

ӨҢІР ЗИЯЛЫЛАРЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРҒА АРНАЛҒАН ФИЛЬМДЕРГЕ ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРДІ

23.10.2019

 

         Ертіс-Баян өңірінде құрылған «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетіне арнайы ат басын бұрды. Мақсат – университет қабырғасында іске асып жатқан  «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» сериялы фильмдер жобасымен танысып, пікірлерін білдіру. Бұл жоба университет ректоры Алтынбек Нухұлының басшылығымен іске асуда. Бір жылға жетер-жетпес уақытта жобаның алғашқы кезеңі, 25 фильмі аяқталып, тұсаукесер рәсімі де өткен болатын. Екінші кезеңнің тұсаукесері осы жылдың қараша айына жоспарлануда. Жоба мақсаты – Ертіс-Баян өңірінде кіндік қаны тамып, қазақ мәдениеті мен тарихында, әдебиеті мен өнерінде ізі қалған тұлғалар есімін жас ұрпаққа дәріптеу. Кездесу шымылдығын ашқан ПМПУ тәрбие ісі мен әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығманов жобаның маңызы мен іске асу барысына қысқаша тоқталды. ПМПУ-дың қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры Гүлжанат Иманғазы:  

Aksakaldar

Aksakaldar3

«Біздің өңіріміз тарихқа да, мәдениетке де бай өңір. Осы өңірде түлеп ұшқан талай ғалымдар, халықтың тағдырында елеулі орны бар қайраткерлер көптеп саналады. Солардың ішінде 100 тұлғаны таңдап алып, фильмдер жасаудамыз. Сонау ғасырлардағы Бұқар жырау, Баян, Малайсары, Жасыбай, Олжабай батырлардан бастап, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп, Әбікей, Қаныш Сәтбаевтар, одан кейінгі талай тұңғыштарымыз бен бүгінгі таңда Олжас Сүлейменов сияқты аты аңызға айналған тұлғалар туралы фильмдерді көрермендерге ыңғайлы, толымды деректермен, қысқа да нұсқа форматта ұсынып отырмыз» дей келе, құрметті қонақтардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында ақсақалдар фильмдер мазмұнымен, жоспарымен таныса келе,  Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Әбікей Сәтбаев туралы фильмдерді тамашалады. «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ульян Мақұлұлы:

«Тағылымды фильмдер, ғылыми негізде, тарихи деректер ескеріле отырып жасалған. Әрбір фильмнің орны ерекше. Әртүрлі оқу орындарында, көпшілік алдында көрсетуге толық негіз бар фильмдер. Тарихи-танымдық құндылығын ескере отырып, жалпы орта білім беру мектептерінде күнделікті оқу мен тәрбие процесіне көп көмегі тиеді деп ойлаймын» деп атап өтті. Қоғамдық бірлестік мүшесі, ақын Секербек Жабықбаев:

«Бұл ұлылар туралы көп ойлаймын. Бүгінгі көргенім  ерекше дүние дер едім, керемет толғандым. Әрқайсысының өмірі мен еңбегіне, шығармашылығына тереңнен тоқталып, талдай отырып, толымды дүние ұсыну өте үлкен жұмыс деп бағалаймын. Бұл жерде Алтынбек Нухұлы бастаған оқу орны ұлылар алдындағы үлкен парызын атқарып отыр» деп айтқым келеді.

Шара соңында құрметті қонақтар естелік фотоға түсіп, бәрі бір ауыздан жобаның табыспен сәтті аяқталуына тілектес екендіктерін білдіріп, келесі тұсаукесерді асыға күтетінін айтты.   

Aksakaldar4

Aksakaldar5

Aksakaldar2

 

">