Перейти к содержимому страницы.

ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АЯСЫНДА

23.04.2019

12 сәуір күні бүкіл ел металлогения ғылымының негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін салушы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 120 жылдығын атап өтті. Қаныш Сәтбаев - Қазақстан ғылымының аса көрнекті ұйымдастырушысы ретінде, сондай-ақ Ұлытау-Жезқазған мыс кен орнын ашқан геолог ретінде танымал болған ірі мемлекет және қоғам қайраткері.

Қаныш Сәтбаев Павлодар облысы Баянауыл ауданының тумасы. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті атақты жерлесіміздің мерейтойы аясындағы онкүндік іс-шараларды кең көлемде және салтанатты деңгейде атап өтуге атсалысты. ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы, ірі мемлекет және қоғам қайраткері, академик Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толған айтулы датаны ұстаздар ордасы Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты кеш, Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» кітабының тұсаукесері және ПГПУ-де студенттік ғылыми конференция өткізумен атап өтті. Аталған онкүндік шеңберінде Павлодар өңірінің тарихи тұлғаларына арналған 25 фильм көрсетілімі де ұйымдастырылды.

ПГПУ-дың гуманитарлық факультеті ұжымы Қ.И. Сәтбаевтың мерейтойына арналған барлық іс-шараларға белсенді қатысты. Факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері Студенттік ғылым апталығы шеңберінде секциялық отырыстар өткізіп, мақалаларын жариялап, «Үздік ғылыми үйірме» және «Үздік зерттеуші студент» байқауларын жариялады. ПМПУ-дегі Студенттер ғылым күнінің ашылуында «тарих-дінтану» мамандығының бірінші курс студенттері (Г.К. Абзулдинованың жетекшілігімен ИР-11 тобының студенттері) «Қ.Сәтбаев өмірінен бір күн» қойылымы үшін бірінші орынға ие болды. Студенттер ғалымның 120 жылдығына арналған конкурстар, квест-ойындар мен викториналарға белсенді қатысты. 12 сәуірде тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары А.Е. Кәрімова мен Н.Е. Күзембаев облыстық «Ертіс» телеарнасында «Ертіс таңы» бағдарламасына қатысып, Қаныш Сәтбаев туралы әңгіме өрбітті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Ә.Д. Әміренов «Қаныш Сәтбаев – ұлы тұлға» және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры Қ.Ғ. Нығметжанов «Великая личность великой степи» атты тақырыпта облыстық радиоға сұхбат берді, сондай-ақ гуманитарлық факультеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері БАҚ-та, педагогикалық хабаршы журналында, «Ұстаздар ордасы» газетінде мақалалар жарияланды. 16 сәуірде орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры,  ф.ғ.д. З.К. Темірғазина ПГПУ-дың бас оқу  ғимаратының үлкен залында «Орыс және ағылшын тілдерімен салғастырылған қазақ халқының анатомиясы» тақырыбына әртүрлі жоғары оқу орындары оқытушылары, студенттері, магистранттары, докторанттары, қала мектептері мұғалімдері мен оқушылары қатысқан ашық дәріс іс-шарасын жүргізді.

Сонымен қатар Қ.И. Сәтбаевтың мерейтойына арналған онкүндік аясында гуманитарлық факультет ұжымы «Президент сайлау - 2019: рөлі мен маңызы» атты ғылыми-практикалық конференция және «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөлі» атты дөңгелек үстел іс-шарасын жоғары деңгейде ұйымдастырғанын ерекше атап өткен абзал. Аталған іс-шараларға С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың басқару және саясаттану кафедрасының профессоры Ғани Жұмабайұлы Елмұратов, ПГПУ ректорының стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, доцент К.М. Текжанов, гуманитарлық факультеттің деканы, қауымдастырылған профессор Қ.С. Ерғалиев, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі С.Т. Иксатова, тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі А.Е. Кәрімова, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі М.И. Оразханова қатысты.

Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі баға жетпес. Қаныш Имантайұлы – өз заманының нағыз ірі тұлғасы. Қ.И. Сәтбаевтың қоғамға риясыз қызмет етуі, халық мүддесіне деген адалдығы - өскелең ұрпақ үшін ғана емес, сонымен қатар бүгінгі таңдағы қоғам мен мемлекетті басқарушы азаматтар үшін зор үлгі екені сөзсіз. Біз үшін аталған тарихты бағалау зор міндет деп білеміз. Ал, Қ.И. Сәтбаевтың шәкірттері мен ізбасарларының бүгінгі міндеті – ірі қайраткердің бастамалары мен еңбектерін одан әрі зерделеу, терең тану, ғалым әрі біртуар тұлғаның атқарған өнегелі істерін одан әрі жалғастыру болып табылады.

 Г.К. Абзулдинова, гуманитарлық факультет деканының ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары

 

">