Перейти к содержимому страницы.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМЕН» - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

02.11.2018

Ағымдағы жылдың 31 қазанында Гуманитарлық факультет «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған танымдық кеш өткізді. Аталған іс-шарада Гуманитарлық факультетінің студенттері назарына «100 жаңа есім» жобасы шеңберінде ПМПУ ұжымы мен университеттің «Рухани жаңғыру» ғылыми-практикалық орталығы түсірген Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары туралы бес деректі фильм көрсетілді.

Танымдық кешке жиналған факультет студенттері атақты жырау Бұқар баба, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, этнограф, ағартушы Мұса Шорманов, ақын, ағартушы, философ, фольклортанушы, тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеев, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров пен әнші, композитор Естай Беркімбаев туралы ғылыми терең зерделеніп, мұрағаттар қоры мен зерттеушілер сүзгісінен өткен деректер негізінде түсірілген фильмдерді тамашалады.   

Осы іс-шарада ПМПУ-дың Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығманов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында университетте атқарылған жұмыстарға шолу жасап, университет ұжымы өткізген ақын-жазушылар, ғалымдар, өлкетанушылар мен мәдениет қайраткерлерімен мазмұнды кездесулер, «Ертістің Павлодар өңірінің 100 тарихи есімдері» сериясымен баспаға дайындалып жатқан кітаптар, латын жазуына көшу, облыс аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, тарихи тұлғалар құрметіне ашылған мұражай кешендері мен кесенелер, мәдени құндылықтарды жаңғырту бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.

Кештің басты спикері қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ. кандидаты, профессор Әділбек Әміренов деректі фильмде көрсетілген тарихи тұлғалардың қазақ руханиятын дамытуға қосқан үлесі, қызметі, шығармашылығы мен өнегесі жайлы сөз сөйледі.

Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» ғылыми-практикалық орталығының директоры Майдаш Рахимжанова өткен тарихты жаңғырту, сананы ояту жолында жастар белсенділігі маңызды екенін баса айтты. 

Іс-шара барысында патриоттық тақырыпта ән шырқалып, студенттер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы сұрақтарға жауап алды.  

Ақылбек Сатыбалдин, Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы. 

">