Перейти к содержимому страницы.

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

25.03.2020

Биология ғылымдарының докторы, профессор, жаратылыстану және педагогикалық ғылымдары Академиясының мүшесі, Павлодар қаласының құрметті азаматы, "Құрмет" орденінің иегері Қайырбай Оразымбекұлы Базарбеков биыл 25 наурыз күні мерейлі 80 жасқа толады. Білікті профессор аймақтағы биология ғылымын алға жетелеуші бірден-бір ардагер ұстаз, бар күш-жігерін білім мен ғылым жолына арнап, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, мыңдаған шәкірттердің ғылымға деген құштарлығын оята білген дарынды педагог-ғалым.
Қайырбай Оразымбекұлы 1958 жылы Пушкин атындағы Орал мемлекеттік педагогика институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдарынан-ақ белсенділігімен көзге түсіп танылды. Институтта оқып жүрген кезде кәсіподақ комитетінің төрағасы болады. Партия қатарына қабылданған соң ол жоғары оқу орнына түсетін жұмысшы жастарды даярлауға арналған факультеттің негізін қалауға атсалысады. 1963 жылы институттың биология, география және химия мамандығын бітіріп, анатомия және зоология кафедрасының оқытушысы болып қабылданады.
1964 жылы Павлодар педагогикалық институтында биология-химия факультеті ашылғаннан кейін, ол туған жеріне оралып, зоология кафедрасына оқытушылық міндетіне кіріседі. Сол жылы Кеңес армиясының қатарына шақырылып, Қиыр Шығыс әскери округының Уссурийск қаласында әскери борышын өтейді. Әскери қызметінен кейін институтта қызметін жалғастыра жүріп, зоология кафедрасының аға оқытушысы болады. 1967-1970 жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының зоология институтына аспирантураға түседі, алайда таңдалған бағыт бойынша мамандардың жетіспеушілігіне байланысты Ленинград қаласының КСРО Ғылым академиясының Зоология институтына жіберіледі. 1970 жылы аспирантураны бітіріп, «Оңтүстік шығыс Қазақстанның сарымсақ және пияз немодтар фаунасы» тақырыбында биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін сәтті қорғайды.
2004-2008 жылдар аралығында С.Торайғыров атындағы ПМУ биология-химия институтының директоры, 2008-2010 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры қызметін атқаруда. Университетіміздің "Ақылдастар алқасының" төрағасы.
Қайырбай Оразымбекұлы Базарбеков – зоология, паразитология, экология бағытында 200-ге жуық ғылыми жұмыстардың авторы. «Оңтүстік-Шығыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан көкөністері немодтары және мелойдогин, дитиленх популяцияларын кешенді басқару мәселелері», «Қазақстан өсімдіктер немодтары. Афеленхида отряды», «Ертістің Павлодар өңірінің жануарлар әлемі» (омыртқалы жануарлар) атты 3 монографиясы жарық көрді. Бес оқу құралы облыстың омыртқалы жануарларына арналған, олар: «Құстарды анықтау», «Омыртқалы жануарлардың шығу тегі және эволюциясы», «Қазақстан биоресурстары», «Омыртқалы зоология бойынша оқу-далалық практика», «Павлодар облысының Қызыл кітабы».
Қайырбай Базарбеков – ғалым, ұстаз ғана емес, әріптестеріне қадірлі, ортаға сыйлы, еңбекте абыройлы, адамгершілігі мол тұлға. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау», - деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Оның тәжірибелік жұмыстары ғылыми ортада аса жоғары бағаға ие. Білікті профессор жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, бүгінгі таңда үлкен жетістіктер мен толағай табыстарға қол жеткізіп отыр.

Bazarbekov kaz
Профессор Қайырбай Оразымбекұлының ғылыми жұмыстарының практикалық қолданыстағы маңыздылығы, тәжірибелік сипаты басым. Ол Қазақстанның көкөніс дақылдарының фаунасын зоогеографиялық аудандастыруды жүргізді, сондай-ақ ғалым ПМПУ табиғат мұражайының негізін қалады.
25 жыл бойы басқарған ППУ биология-химия факультетінің даму тарихы Қ.О.Базарбековтың есімімен тығыз байланысты. Оның сарқылмас күш жігері мен ұйымдастырушылық дара таланты факультеттің пәрменді түрде дамуына ықпал жасады. «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» деп хакім Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі білім алушының өмірбойғы азығына айналады. Профессор алдынан өткен студенттердің - қазіргі педагогика саласында үлкен жетістіктерге жетіп, өздері дарынды шәкірт тәрбиелеп отырған оқытушылардың жолына шамшырақ болып, ұстаздық жолға жетеледі. Білім нəрімен сусындап, адами қасиеттерді бойына дарытып, сіңіре білген ұстаз шәкірттерінің сарабдал жолда бағыттарынан таймасы анық.
Қайырбай аға есімі білім мен білігін, жігерін елдің болашағына, биология ғылымына, ұлағатты ұстаздыққа еңбегі сіңген абыройлы тұлға ретінде қалыптасқан. Әрқашан еңбексүйгіштікпенен, кәсібилікпен ерекшеленіп, шынайы адамдық қасиеттерге ие нағыз ғалым ретінде еліміздің құрметіне бөленіп келеді. Ғылым жолының қандай да күрделі сәттерінде танытқан табандылығы, сөзге беріктігі, еңбек жолындағы қайсарлығы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Қ.Базарбеков – Қазақстанның ағарту ісінің үздігі, КСРО жоғары мектебінің үздігі, ҚР білім беру саласының құрметті қызметкері. 2015 жылы "Құрмет" орденімен, 2017 жылы А. Байтұрсынов атындағы күміс медальмен және көптеген басқа наградалармен марапатталды. 2018 жылы Павлодар қаласының құрметті азаматы атанды.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі – қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөледі.
Құрметті Қайырбай Оразымбекұлы, жүзіңіз күндей күлімдеп, жүрегіңіз жаздай жайнасын, жанарыңыздан әрдайым нұр себелеп, жаныңыз шаттыққа кенелсін! Шаңырағыңызға шаттық әрдайым ұялап, босағаңыздан қызық-қуаныш арылмасын! Біз Сізге ұстаздық қызметте толағай табыс тілейміз!

Павлодар мемлекеттік педагогикалық
университеті ұжымы атынан
Алтынбек Нухұлы, университет ректоры

">